Поделиться

Полиовирустар - бұл адам организміне әсер ететін 1-ші, 2-ші немесе 3-ші серотипті энтеровирустар. Инкубациялық кезең әдетте (4-тен 35 күнге дейінгі ауытқушылықпен) 7-10 күнді құрайды. Полиовирусты жұқтырған адамдардың көпшілігінде ешқандай белгілер байқалмайды, дегенмен олар вирусты нәжіспен және қысқа уақыт ішінде сілекеймен шығаруды жалғастыруы мүмкін. Жұқтырғандардың шамамен төрттен бірінде қызба, бастың ауруы, жалпы әлсіздік, лоқсу, құсу және баспа сияқты тез байқалмайтын, транзиторлық белгілер пайда болады. Кейбір адамдарда (шамамен 4%-ында) ми қабығының тітіркену (мойынның қатуы, басты қатты ауруы) белгілері бар қатерсіз ауру пайда болады. Сирек жағдайда паралитикалық полиомиелит пайда болады, бұл кезде полиовирус орталық жүйке жүйесіне еніп, жұлын миының алдыңғы мүйіз жасушаларында (қозғаушы нейрондарда) немесе ми бағанының жасушаларында көбейеді. < 5 жастағы балаларда бұл патология полиовирусты инфекцияның < 1% жағдайында байқалады.
АУРУ ЖАҒДАЙЛАРЫН ТЕКСЕРУ.
Ауруға күдік тудыратын барлық жағдайлар хабарлама алынған сәттен бастап 48 сағат ішінде тексерілуі керек; ең дұрысы, нәжістің барлық сынамалары салдану басталған 14-ші күннен кешіктірілмей алынуы керек. Неврологиялық тексеру нәтижелерін, екпелер тарихын және денсаулық жағдайы мен қауіп факторлары туралы ақпаратты қоса алғанда, негізгі демографиялық деректерді және ауру клиникасы туралы толық ақпаратты алу мақсатында тексеру нысандары әрбір жағдай бойынша толтырылуы керек. Экспозицияның ықтимал көзін анықтау үшін салдану басталған 35 күн ішінде тұрғылықты тұру жерінен тыс өткен сапарлар немесе басқа аумақтардан келген қонақтар туралы ақпарат жинау маңызды. Осы 35 күндік кезеңде ЖСС-мен ауыратын адаммен қарым-қатынас жасалуын анықтау керек.
Әрбір ЖСС жағдайына қатысты сал ауруы басталғаннан кейін полиомиелитті зертханалық растау үшін нәжістің тиісті сынамаларын мүмкіндігінше тез алу қажет. Тексеруден кейін 60 күн ішінде кейінгі бақылау қалдық сал ауруын бағалау үшін тиісті нәжіс сынамалары алынбаған барлық ЖСС жағдайларына қатысты толық аяқталуы тиіс.
НАУҚАСТАРДАН ДИАГНОСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛ СЫНАМАЛАРЫН АЛУ.
ЖСС-мен ауыратын науқастан салдану басталған 14 күн ішінде (кейбір жағдайларда 60 күн ішінде) нәжістің екі сынамасын алу қажет және бұл нәжіс сынамаларын кемінде 24 сағат аралықпен алу керек.
Нәжіс сынамасының көлемі: 8-10 г, яғни ересек адам қолының бас бармағының шамамен екі тырнағының өлшемі. Бұл мөлшер қажет болған жағдайда қос тест жүргізуге мүмкіндік береді.
Сынама алу уақыты: нәжіс сынамасын алу полиовирусты анықтау ықтималдығы жоғары болған кезде, салдану басталған 14 күн ішінде жүргізілуі керек. Алайда, сынамаларды жинау салдану пайда болғаннан бастап 60-шы күнге дейін жүргізілуі керек, өйткені осы мерзім ішінде полиовирусты анықтау мүмкін болады. Полиовирустың бөлінуі үзілістермен жүруі мүмкін болғандықтан, оны анықтау мүмкіндігін арттыру үшін кем дегенде 24 сағат аралықпен екі сынама алу керек. Салдануы басталғаннан 60 күн өткен науқастардан нәжіс сынамалары алынбайды.
Диагностикалық материалдың сынамаларын сақтау және олармен жұмыс істеу: нәжіс сынамалары ағып кетуін немесе кебу мүмкіндігін болдырмау үшін тығыз қақпағы бар арнайы контейнерлерге салынуы тиіс. Сынамалары бар контейнерлер салқындатқыш элементтер арасына 4-8°С температура шегінде арнайы термоконтейнерге дереу орналастырылуы тиіс. Нәжіс сынамалары ДДСҰ-мен аккредиттелген зертханаға алынған сәтінен бастап 72 сағат ішінде жіберілуі тиіс. Бұл мүмкін болмаған жағдайда сынамаларды -20°C температурада мұздатып, содан кейін мұздатылған түрде, алдын-ала -20°C температурада мұздатылған құрғақ мұзбен немесе салқындатқыш элементтермен бірге қайта жіберу керек.
Құжаттау: сынамалары бар контейнерлер зертханаға толтырылған зертханалық зерттеу нысанымен бірге жіберілуі керек. Нысандар аынқ және түсінікті түрде толтырылуы керек; олардағы ақпарат ЖСС жағдайын тексеру нысаны деректері мен зертханалық диагностика нәтижелері арасында байланыс орнату үшін пайдаланылады.
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТА БОЛҒАНДАРДАН ДИАГНОСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛ СЫНАМАЛАРЫН АЛУ
ЖСС-мен ауыратын науқастан салдану басталған 14 күн ішінде екі нәжіс сынамасын алу мүмкін болмаса немесе нәжіс сынамалары ДДСҰ-мен аккредиттелген зертханаға нашар жағдайда келіп түскен кезде түссе, нәжіс сынамасын тығыз қарым-қатынаста болған < 5 жастағы үш адамның әрқайсысынан алу қажет. Диагностикалық материалдың сынамаларын отбасының жақын мүшелерінен немесе үйдегі қарым-қатынаста болған адамдардан, ал бұл мүмкін болмаған жағдайда көршілерден немесе бірге ойнаған балалардан алу керек. Мұндай сынамаларды алу және тасымалдау процедурасы ЖСС-мен ауыратын науқастан сынама алумен бірдей жүргізіледі.
ЗЕРТХАНАЛЫҚ ДИАГНОСТИКА.
ЖСС-мен ауыратын науқастардан алынған сынамаларды зертханалық тестілеу полиомиелит жағдайларын растау және полиомиелитті жою шараларын негіздеу үшін геномның нуклеотидтер тізбегін зерттеу үшін қажетті ақпаратты беретін ЖСС-ні эпидемиологиялық бақылаудың маңызды элементі болып табылады.
Зертханалық растау тіндердің көп қабатты жасушалық өсіріндісін (RD және L20B) қолдана отырып, полиовирусты оқшаулауға негізделген. Полиовирусқа тестілеу барысында полиомиелитті емес энтеровирусты (ПЕЭ) оқшаулау мүмкін болады және мұндай нәтиже бөлек тіркеледі.
Түрішілік дифференциациялау ЖПВ, ВТПВ немесе Сэбин штамын, сондай-ақ серотипті (1, 2, 3) идентификациялау мақсатында кері-транскриптазалық полимеразды тізбекті реакцияны (КТ-ПТР) жүргізу әдісімен жүзеге асырылады.
Жаңалықтар





